Трамп Таяу Шығысқа сапарын Сауд Арабиясынан бастады

АҚШ президенті Дональд Трампты Эр-Рияд әуежайында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман ханзада қарсы алды. 13 мамыр, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 13 мамыр күні таңертең Сауд Арабиясына барды. Эр-Рияд әуежайында Трампты Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман ханзада қарсы алды.

Бұл – Трамптың биыл қаңтарда президент қызметіне кіріскеннен кейінгі шетелге жасаған екінші және алғашқы ресми сапары. Бұған дейін ол сәуір айының аяғында Ватиканда Рим папасын жерлеу рәсіміне қатысқан еді.

Сауд Арабиясына сапары барысында Трамп тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман ханзадамен келіссөз жүргізіп, инвестициялық форумға қатысады. Сәрсенбі күні Трамп Қатарға, ал бейсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барады деп жоспарланған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл сапардың басты тақырыбы – экономикалық және сауда қатынастары болмақ, ал Газа секторындағы соғыс немесе Иранның ядролық бағдарламасы мәселелері талқыланбайды. Сауд Арабиясына ең ірі кәсіпкерлер тобы қоса барған, олардың арасында Blackrock және Blackstone холдингтерінің басшылары, сондай-ақ Трамп әкімшілігінің шенеунігі мәртебесіне ие әлемдегі ең бай адам Илон Маск та бар.

Таяу Шығысқа сапарға шығар алдында Трамп егер бейсенбі күні Түркияда Украина мен Ресей президенттері тікелей бейбіт келіссөз өткізетін болса, онда өзі де баруы мүмкін екенін аяқ астынан айтқан. Ресей президенті Владимир Путинге бетпе-бет кездесу жайлы ұсынысты Украина президенті Владимир Зеленский жасаған – ол мұны Путиннің кімдер қатысатынын нақтыламастан, Украинаға келіссөз өткізу жөнінде жасаған ұсынысына жауап ретінде айтқан. Трамп егер бұл жақсы нәтиже әкелетін кездесу болса, онда Стамбұлға ұшып баруы мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда қазіргі уақытта Путиннің ол келіссөзге қатысатыны да, Трамптың Түркияға баратыны да әлі ресми түрде расталған жоқ.

Reuters агенттігі Трамптың Сауд Арабиясындағы келіссөздері барысында осы ел мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мәселесі қозғалмайтын тәрізді деп жазды. Агенттік дереккөздері мұны Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Палестина мемлекеті мен Газадағы атысты тоқтату мәселелеріне қатысты қатаң ұстанымымен байланыстырады. Эр-Рияд Израильмен қарым-қатынас орнатуға дайын екенін білдірген, бірақ ол үшін Газадағы әскери іс-қимылдар тоқтатылуы керек.