Ресейде Путиннің бұрынғы жақын серігі Сергей Пугачевті сырттай 14 жылға соттады

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Сергей Пугачев. 28 маусым, 2000 жыл.

13 мамыр күні Мәскеудің Тверь аудандық соты қазір Францияда тұрып жатқан, Ресейде банкрот болған Межпромбанктің бұрынғы бенефициары Сергей Пугачевті ірі көлемдегі ұрлық жасау және өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айыпты деп, сырттай 14 жылға бас еркіндігінен айырды.

1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында Ресей президенті Владимир Путинге "етене жақындар" қатарында болған Пугачевке сот бүгін 800 мың рубль айыппұл салды. Оның мүлкі бұғатталған.

Айыптаушы тарап соттан Пугачевке 14,5 жыл түрме жазасын сұраған еді.

Ресей федерация кеңесінің Тувадан сайланған мүшесі өкілеті тоқтағаннан кейін, 2011 жылы Ресейден кеткен Сергей Пугачевке 2013 жылдың аяғында сырттай айып тағылған. Оған қарсы іс Межпромбанктың 2010 жылы банкрот болуымен байланысты қозғалған. Тергеу Пугачев банкті әдейі банкрот жасап, оның қаражатын иемденіп алған деп есептейді. Оған дейін Пугачевтің қоластында жұмыс істеген бірнеше адам сотталып кеткен.

Ресей бас прокуратурасының деректері бойынша, Францияның құзырлы органдары Пугачевті Ресейге экстрадициялаудан бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Франциядан экс-банкир Пугачевті экстрадициялауды сұрады

Кейінгі жылдары Сергей Пугачев көптеген сұхбат берді, солардың арасында Азаттық радиосының Орыс қызметіне де бірнеше рет сұхбат беріп, Владимир Путинді қатты сынға алған.

Пугачев 1990 жылдардың ортасынан бастап Ресейдің болашақ президентінің жақын серіктерінің бірі болған, оның сайлауалды штабы жетекшілерінің бірі болып қызмет атқарған, Федерация кеңесіне Тува республикасынан өкіл, Ресейдің өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының вице-президенті болған.

Пугачев кезінде Борис Ельцинге биліктегі мұрагері ретінде Путиннің кандидатурасын өзі ұсынғанын, өзі Путинмен бірге жұмыс істеп қана қоймай, онымен достық қарым-қатынаста болғанын айтады. Сөзіне дәлел ретінде отбасы архивіндегі фотосуреттерді желіде жариялаған, олардың кейбірінде Владимир Путиннің қыздары — Екатерина Тихонова мен Мария Воронцованың жасөспірім шақтағы бейнелері бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Путин президент болғысы келмеген»