ЕО елдерінің елшілері Ресейге қарсы 17-санкция пакетін мақұлдады

Еуроодақ елдері Ресейге қарсы 17-санкция пакетін мақұлдады. Бұл жөнінде Азат Еуропа/Азаттықтың тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады. Санкцияны түпкілікті түрде 20 мамырда ЕО сыртқы істер министрлері қабылдайды.

Санкция тізімі әзірге жарияланбады. Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, оған ондаған компания мен жеке тұлға кіреді. Мәселе секторлық санкцияны күшейту жөнінде болып отырған жоқ.

Еурокомиссиясының жетекшісі Урсула Фон дер Ляйен X желісінде шектеулер Ресейдің “көлеңкелі флотының” 189 танкеріне де қатысты екенін жазды. Бұған дейін БАҚ олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ресейлік танкер барын да жазған еді.

Ресей билігі 2020 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті 80 жасқа толуына орай “екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін” танкерлердің біріне оның атын берген.

Бұған дейін ЕО-ның жетекші елдері егер Ресей Украинада атысты 30 күнге тоқтатуға келіспесе, Мәскеуге санкцияны күшейтетінін айтқан. Бұл жөнінде Германия канцлері мен Франция президенті де айтқан. Олар қатаң экономикалық шара қарастырылмаған 17-санкция пакетін айтып отырған болуы мүмкін. Дегенмен ЕО елдері 15 мамырда Стамбұлда өтетін Ресей-Украина келіссөзінен нәтиже күтіп отыр деп жазды Азаттықтың Орыс қызметі.