"Бюджетті жымқырды" деп айыпталған "Астана LRT" компаниясының бұрынғы жетекшісі Түркияда ұсталды

Астана LRT

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркияның құқық қорғау органдары "Астана LRT" компаниясының бұрынғы жетекшісі Талғат Арданды ұстағанын хабарлады. Ол Қазақстанға экстрадицияланады.

ҰҚК-ның мәліметінше, Қазакқстан бас прокуратурасы 2019 жылы Түркия әділет министрлігіне халықаралық іздеу жарияланған Талғат Арданды беру жөнінде сұрау жіберген. Соған орай Түркияның күштік құрылымы іздеу шараларын жүргізген.

"ҰҚК биыл оның нақты қайда жүргенін анықтады, бұдан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталияда ұстады. 9 мамырда Анталия соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарды. Қазіргі кезде ол қамауда" деп жазылған ҰҚК хабарламасында.

Ведомствоның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік органдарды Арданды елге қайтару процедурасын бастаған.

2023 жылы мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған Талғат Арданды жеті жылға бас бостандығынан айырған еді. 2024 жылы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тағы бір үкім шығарды. Бұл жолы оған "билік өкілетін асыра пайдаланды" деген айып тағылды. Бұл іс те сырттай қаралды. Сот Талғат Арданды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. 2023 жылдың мамыр айындағы үкімдегі жазамен біріктіріліп, нәтижесінде Талғат Ардан 9 жыл түрмеге кесілді. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.

Бұған қоса, сот айыпталушыны City transportation systems компаниясының пайдасына қарай 85 млрд теңгеден астам қаражатты өндіру туралы қаулы шығарды.

Ардан мен оның өкілдерінің сот үкіміне реакциясы белгісіз.

2021 жылы қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан Стамбұлда екенін, оны ұстау шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екенін, АҚШ-пен экстрадиция бойынша екіжақты келісім жоқ болғандықтан оны елге қайтару мүмкін еместігін айтқан. Сот Ардан мен Сұлтанбековті сырттай қамауға санкция берген.

Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Астанада жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, "даулы жоба" деп атаған.

Дегенмен астана билігі қоғам сынына қарамастан кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлаған.

2021 жылы маусымда City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясының жобаны жалғастыру үшін үкімет кепілдігімен 1,08 млрд доллар көлемінде несие алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Астана билігінің айтуынша, несие республикалық бюджеттен, яғни салық төлеушілердің есебінен қайтарылмақ.

2025 жылы мамырда City transportation system үстіңгі құрылыс жұмыстарының 25 пайызы аяқталғанын хабарлады. Жоспарланған 22,4 шақырым қос желінің 5,6 шақырымы аяқталған.